|
||||||
|
|
||||||||||
![]() |
![]() |
При перепечатке ссылка на газету обязательна | ![]() |
обновлено: г. |
![]() |
|
Шаңырақ шиеленісі шешілетін кез келді[1790/16]
2008 жылдың жазында Алматы қаласының 18 елді мекенін біріктірген жетінші, жаңа, Алатау ауданы ашылып, оған әкім болып бұрын облыс аудандарында әкімдік қызметтерді атқарған – Мәнізоров Бағдат деген азамат келді. Ауданға Шаңырақ - 1; - 2; - 5, Ұлжан – 1; - 2, Өжет, Қарасу, Көкқайнар, Құрылысшы, Красный Трудовик, Ақбұлақ, және т.б. шешілмеген өзекті проблемалары шаш етектен келетін елді мекендер енді. Мұнда ең бастысы – «заңсыз» салынған үй проблемасын бір жола шашпей, ешқандай жұмысты бастау мүмкін болмады. Осыған байланысты, әкімнің алдында екі жол тұрды. Біріншісі – мәселені заңмен шешу. Яғни бұл, істі сотқа тапсыру, сосын сот қандай шешім шығарса, сол шешімді орындау еді. Ал соттың шығаратын шешімі белгілі – «заңсыз» салынған үйлерді сүру. Бұл әрине, 2006-шы жылғы жазғы, адам өліміне алып келген «Шаңырақ топалаңын» қайталау, тіптен, ондай сұмдық қайта орын алмаса да, мың-мыңдаған қазақты, еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін қарамай, айдалаға айдап тастау деген сөз! Мәнізоров, атасына мың да бір алғыс, бұлай етуге бармады. Ол екінші жолды таңдады. Қалалық әкімге, сотқа өтініш жасап «заңсыз» салынған үйлерді сүру науқанын тоқтатты! Қоғамдық ұйымдар мен бірлескен жұмысшы тобын (– БЖТ, комиссия) құрды. БЖТ-на тең төрағалыққа Мәнізоровтың өзі, сосын «Шаңырақ» қоғамдық қозғалысынан (– ҚҚ) Асылбек Қожахметов, ал тең төрағалардың орынбасары болып «Ел болашағы» ҚҚ-нан Бағдат Әріпов сайланды. Әкім комиссияны жұмыс бөлмесі, телефон, көлікпен қамтамасыз етті. Оның құрамына мүше етіп аудандағы жер мәселесіне қатысты бөлімдерден бір-бір адамнан енгізді. Осының салдарынан жер телімдерінің спутник арқылы координаталарын анықтау, топо-суретін салу, тағы, тағы – тұрғындарды, өздері айналысса қолынан келмейтін, сыбайлас жемқорлық салған өткелі жоқ кедергілерден құтқарды. БЖТ-ның алдына қойған мақсаты – аудандағы «заңсыз» салынған барлық үйлердің тізімін жасау және оларды мүмкіндігінше заңдастыру жолдарын қарастырып, қалалық әкімшілікке ұсыну болды. Қандай керемет ой! Жан біткеннің көңілінен шығатын-ақ игі ниет! Бірақ.... Қалай БЖТ құрылды, солай Мәнізоровты аяқтан шалу басталды. Қалалық әкімшіліктегі кейбір шенеунік «Неңіз бар, жоқ проблеманы өз басыңызға тілеп алып» десе, жаны «ащығандай» сыңай танытып, енді бірі «Мәнізоров халықшыл боп көрінгісі келеді» деп, қала әкімінің құлағына сыбырлады. Тағы бірі «Қалада «Жер керек» деп арызын жазып, кезегін кұтіп жүрген қаншама жан бар. Олардың ешқайсысы жер алған жоқ. Сонда, осы заң сыйлаған адамдардан, заңыңа түкіріп қойып, жер басып алған адамдардың қай жері артық? Неге басқыншыларды қолдайсыз?» деді. Ол, ол ма... Алатау ауданының әкімшілігіндегі, Мәнізоровтың өзінің қол астындағы кейбір шенеуніктердің өзі, жасырын түрде Мәнізоровқа қарсы «ойнай» бастады! Олар өз үгітшілерін көше-көшені жағалатып жіберіп «Комиссияға құжаттарыңды өткізбеңдер. Өткізсеңдер құжаттарыңды сотқа тапсырып жібереді» деп, тұрғындарды қорқытқан. Бұл үгітшілердің тағы бір міндеті – лажы болса, тұрғындарды бір-біріне қарсы қою. «Басқалар үйлерін заңдастырып алса, сіздерді міндетті түрде сүреді. Себебі, газ құбырының үстіндесіздер» деп, «газдағыларға» айтса, дәл осылай сайдағыларға да «Сіздерді де сүреді. Өйткені сайда, батпақтың үстіндесіздер» деп, айтқан. Неге? Себебі, сүрілуге жататын, «заңсыз» салынған үй – ондаған жылдар бойы, жер мәселесіне қандай да бір, әйтеуір қатынасы бар, барлық мемлекеттік мекемедегі (қала, аудан әкімшілігі, Жер қатынастары басқармасы, Региональдық жер инспекциясы, Алматы НПЦзем, қала, аудан архитектурасы, ГАСКо, т., т.) көптеген ниеті қара шенеуніктердің – жымысқы тобының табыс көзі екен! Бұларға не ғұрлым ұзақ мерзімде жер, үй заңдаспаса, со ғұрлым тиімді бола бермек. Бұлар осы жолда неше түрлі құйтырқы әрекеттерге де бара бермек. Мысалы, Шаңырақ-1 ық. ауданы, Жас Қазақ к-сінің 27-ші үйінде тұратын тоғыз балалы ана Сариева Ұлмашқа «Мүлікті жариялау рахымшылығы» акциясы (әрі қарай – «Мүлікті жариялау комиссиясы») «Үйіңіз газ құбыры аумағында» деп, заңдастырмаған. Сонда Ұлмаш апаның үйі бір көшенің бойында, бір-бірінен ара қашықтықтары 7-8 метрден аспайтын, қатар тұрған үш үйдің ортаңғысы. Екі жақ шеткісі заңдастырылған! Енді мұны әдейі, қасақана тірлік демей, не дейміз? Дәл осындай жағдай, Өтеміс ұлы к-сінің 17-ші үйінде тұратын Сеитова Шолпанның да басында бар. Мұндағы бір ерекшелік – Шолпанның үйін шеңбер сызығымен қоршасаңыз, сол шеңбердің бойына орналасқан барлық үйлер заңдасқан да, ал шеңбердің центріндегі – Шолпанның үйі заңдаспаған! Бұл да сол газ құбырының аумағында «салынған» көрінеді. Мысалы, осы айтылған заңдаспаған екі үйді «Газ құбырының аумағына» енетіндей, ал айналасындағы заңдасқан үйлердің ешқайсысы енбейтіндей етіп, құбыр жүргізу, біз өмір сүріп отырған үш өлшемді (ұзындығы, ені, биіктігі бар) осы кеңістікте мүмкін нәрсе емес! Тіптен, солай етіп құбырды әдейі жүргізем десеңде, жүргізе алмайсың! Ал енді жүргізе алсаң – бірден Нобель сыйлығының лауреаты боласың. Осындай масқара тірлікке барып, санасыздықтың шексіз бола алатынын дәлелдеп берген «Мүлікті жариялау комиссиясының» шешімдерін қалай заңды деп айтуға болады? Бұл билік тарапынан жасалынып отырған бассыздық! Кез келген «заңсыз» салынған үй иесінің қолында қажетті құжаттардың барлығы дерлік болса да, қайда, кімге барсын, алатыны – «отказ»! Заңдастырылмайды! Еліміздегі әділдіктің соңғы сатысы деп есептелетін соттардың өзі, мәселеге тек бір жақты қарап «сүрілсін!» деген шешім ғана шығарып келеді. Бұл айналып келгенде, мемлекеттік қызметкерлерден құралған ұйымдасқан қылмыстық топ емес пе?! Сонда қалай, ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіз мемлекет құрғанымыз осы ма? Тәуелсіз мемлекет өз халқын өзі, осындай мемлекеттік дәрежеде ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қыра ма? Мемлекеттің бұл қылмыстық топты ауыздықтауға шамасы келмесе, шамасы келсе де, зауқы жоқ болса, сонда бұлардың озбырлығынан «барар жер, басар тауы қалмаған» төрт мыңнан астам жанұя, «Шаңырақ шайқасын» жасамағанда, не істейді?! Аталмыш ауданда дәл бүгінге дейін халықтың зарына құлақ асқан, ерінбей, жалықпай зерттеген Мәнізоровтан бөлек бір де бір әкім болмапты! Тұрғылықты халықтың айтуынша, бар пәле Әуезов ауданы кезіндегі (қала әкімі Храпунов) Устюговтың уақытында болған дейді. Жаппай «жер жаулау», құжат сатып алу сол кезде өркендеген екен. Кейіннен осы ауданға әкім болып келген Әділ Несіпбаевта бұл салада ештеңе жасай алмаған көрінеді. Иә, табиғатынан туа біткен күрескер болмағанда, Мәнізоровта бұл салада ештеңе жасай алмаған болар еді! Оның үстіне БЖТ-ның күнделікті іс-әрекетін тікелей үйлестіріп отырған, Мәнізоровпен аттас, төрағалар орынбасары – Бағдат Әріповтың жүйелі жұмысы, ең бастысы – халыққа деген адалдығы болмағанда да, істің бұлай оң бағытынан ауытқымауы екіталай-ды. Комиссияның жұмысын тоқтатуға бағытталған көп жымысқы әрекеттер, Әріповтың өте сезімталдығының арқасында, алдын ала залалсыздандырылып отырылды. Дәл қазір де сондай. Мәселен, БЖТ өз жұмысын бастаған кезде лек-легімен келіп жатқан халық, он-он бес күннен кейін сап тиылды да қалды. Бұл әрине, жоғарыда айтылған жымысқы топтың үгіт-насихатының «жемісі» еді. Жымысқы топ БЖТ-на тұрғындар құжаттарын өткізбесе, халық сенім артпаса, онда бұл комиссия өзінен-өзі тарап кетеді деп ойлады, шамасы. Сосын, комиссия мүшелері халық арасына шықты. Тұрғындардың белсенді бөлігін көмекке тартты. Хабарландырулар іліп, халықпен жиналыстар өткізіп, жымысқы топтың жоспарын жүзеге асыртпай тастады. Осындай тынымсыз әрекеттердің арқасында, комиссия бүгіннің өзінде (екі айдай уақыт) Ұлмаш апай, Шолпан сияқты, заңдастыруға толық келеді деген, 1600-ден астам үйдің құжаттарын қаттап, қала әкімі Есімовтің қарауына жіберіп үлгерген. Осы БЖТ-ның жұмысын зерттей отырып менің түйгенім: кез келген комиссияның жұмысының нәтижесі, оның төрағасы(лары)-на қарағанда, орынбасарлары мен мүшелеріне көп байланысты екен. Себебі, әдетте төрағалар – «тойдағы генералдар». Ал негізгі жұмысты істейтін, оның маңызын халыққа, қоғамға, билікке айқындап беретін – комиссия мүшелері екен. Бір мысал. 2005 жылы алғаш рет, дәл осы мақсатта, бірақ бүгінгідей аудан емес, бүкіл Алматы қаласы деңгейінде комиссия құрылғанды! Сол кездегі қала әкімі – Тасмағамбетовтың өзі бұл бастаманы көтерген болатын. Жалпы, мұнда Құдайлығын айта кету керек, Тасмағамбетов – халыққа бетін бұрған жоғарғы лауазымды ең алғашқы шенеунік еді. Осы комиссяның құрамына енген, Жер қатынастары басқармасының сол кездегі бастығы – Қожахан Жабағиев БАҚ беттерінде былай дегенді: «...аким поручил всем уполномоченным городским структурам ускорить процесс оформления правоустанавливающих документов на земельные участки и незамедлительно подавать ему на подпись! Аким также дал распоряжения: Если дома заявителей попадают под снос, то по ним должна выплачиваться компенсация!». Қандай тамаша ниет! Қаладағы бүкіл қазақтың өмірін өзгертіп–ақ жібертін мүмкіндік! Мен айтар едім, тіптен, ұлы мүмкіндік еді деп! Әттең, әттең!... Егер, сол комиссияның мүшелері, тек өз қара бастарының қамын ғана күйттеген сорлылар болмай, бүгінгі комиссия мүшелеріндей «жаным – арымның садағасы» деген, ұлт азаматтары болғанда, ең бастысы – 2006 жылдың жазындағы «Шаңырақ шайқасы» орын алмас еді! Он мыңдай үй (–сол комиссияның мағлұматы) заңдастырылып, ал заңдастыруға болмайтыны өтем ақы алар еді! Амал қанша, комиссия мүшелері мың сылтау, жүз желеумен тұрғындардан қыруар ақша жинаған. Тұрғындардың кейбірінде әліге дейін ақша төлегендері туралы (15 – 20 мың тг-ден!) тілімдей қағаздары (квитанция) бар. Комиссия қала әкіміне халық мүддесіне мүлдем қайшы, ал әлгі айтылған жымысқы топтың мүддесіне сай келетін: «Олар жерді басып алдым деп отырған жоқ. Барсаң сөйлеспейді де. Итпен қуалайды. Қаланың ортасынан бір-бір пәтер бересіңдер. Болмаса, жоламаңдар. Алаңға шығамыз» деп отыр, дегендей ақпар берген. Міне осыдан келіп «Заң бұзушылық – бүгінгі қоғамды дендеген жара. Ондай жараны қызған темірмен күйдіру керек» деген, Иманғалидың сөзі ел ішіне әр түрлі боп тарап кетті. Бұдан кейін, белгілі «Шаңырақ топалаңы» орын алып, тәртібі темірдей Тасмағамбетовтың өзі – жымысқы, мемлекеттік қызметкерлерден құралған ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекетінің құрбаны болып шыға келді. Дәл осы сияқты, бірде Мәнізоров «Красный Трудовик» елді мекенін аралап жүргенде (Сақ қорғанының аумағы) өзінің жанына еріп жүргендердің біреуі «Бәке, біз анықтадық, мына қатар-қатар тұрған үйлердің бәрі дерлік бір бизнесменге тиесілі екен. Жалға бермекші көрінеді. Сіз әлеуметтік жағдайы нашар деп, жаныңыз ашып жүргендердің көпшілігі осындай жолмен ақша тауып, байып отырғандар. Бәрінің қала ортасында бір-бірден үйлері бар» деген. «Онда сүріңдер, бұл үйлерді» депті, Мәнізоров. Көрсетілген үйлердің ешқайсысы әлі салынып толық бітпеген, әрі бос тұрса керек. Ал әлгі адам ертеңіне, төбедегі отырған бұл халыққа әдейі қарсы етіп қойылған, сайдағы тұрғындардың он шақтысын жанына ертіп келіпті де «Мына үйлерді бұзып ала беріңдер. Әкім – Мәнізоровтың өзі сондай нұсқау берді» деген. Сөйтсе, әлгі үйлердің әрқайсысының бөлек-бөлек өз иелері бар екен. Ешқайсысы бұздырмапты. Үлкен жанжал шыға жаздап, тоқтапты. Сонда әлгі адамның бар мақсаты – халықты Мәнізоровқа қарсы қою! Сөйтіп Мәнізоровтың өзін, ешқашанда халықтың жағдайын ойламайтындай етіп, бездіріп жіберу. Осылайша бірте-бірте жағдайды ушықтырып, «үй заңдастыру» мәселесін шешілмейтіндей дәрежеге жеткізу. Енді осы жерде айта кететін бір жәйт. Мысалы, Мәнізоров осы уақиға жөнінен бейхабар. Мен, болмаса маған ұқсаған бөтен біреу, мұны ол кісіге барып баяндап бермейді. Сонда егер, бұған қоса, БЖТ орынбасары – Әріповте әлгі жоғарыда айтылған, 2005 жылғы құрылған қалалық комиссияның мүшелері сияқты, жымысқы қылмыстық топпен ауыз жаласып кетсе, онда шынында да, халқым деген ниеті таза Мәнізоровты, сол халықынан безіндіріп, яки Тасмағамбетов сияқты «құрбан» етіп жіберуге де болады екен! Негізінде, бұл «Красный Трудовик» елді мекенінде бірде-бір адам жер басып алмаған! Бәрі тегіс сатып алған. Алды бес, арты отыз мың АҚШ долларына дейін! Жерді сатқан жымысқы қылмыстық топ, «Мүлікті жариялау комиссиясын» пайдаланып заңдастырып жібереміз деп жоспарлаған. Бірақ бұл ойлары жүзеге аспаған соң, ізім-қайым жоқ болған. Олар ә дегенде жұмыстарын ашық түрде жүргізген. Жерді өлшеу, бөлу, координаттарын спутник арқылы анықтау, ақша қабылдау, көк сиялы мөрі бар қалалық әкімшіліктің шешімін (жалған, әрине) беру – бәрі, бәрі, көпшіліктің көз алдында, бір емес, бірнеше ай жүрген! Сонда бұл шара мемлекеттік дәрежеде қолдау таппаса, онда билік қайда қарап отырған? Бұл айтылған аз ғана мысалдар – алып қаламыздың кішкентай бөлігіндегі (жетіден бір!) ұшан теңіз заң бұзушылықтардың дәлелі ғана. Ал теңіздің дәмі тамшысынан-ақ белгілі десек, мемлекетіміздің түбіне жететін опат – «жер басып алған басқыншылардың» емес, осы шенеуніктердің заңыңа түкіріп қойғандығынан ғана болмақ! Биліктің өз ішінен өніп шыққан көптеген қылмыстық топтар, жылдар бойы дамып, қанат жайып келеді. Олардың мүшелері ғана ауысып, толығып отырғаны болмаса, мәні, мақсаты – халықтың басына қайғы, қасірет үйіре отырып баю тәсілдерін табу, ешқашанда өзгермек емес! Мұнымен мемлекет кешенді түрде күреспесе, халықтың өзі күресері сөзсіз. Себебі, халықта басқадай жол жоқ. Бірақ, бұл күрес ең әуелі мемлекеттің өзіне қауіпті.
Десекте, «үмітсіз – шайтан» деген, халық бұл жолғы комиссияға, төрт мыңнан астам үйді заңдастырып беретін шығар деп, үлкен сенім артып отыр! Себебі, біріншіден, аудан әкімі қала әкіміне қарағанда халыққа көп жақын. Екіншіден, алдыңғы комиссияның төрағасы, оның орынбасары, мүшелері – тек қана тұрғындардың ішінен шыққан өкілдер болса, соңғы комиссияда екі жақтың да өкілдері бар және тең дәрежеде. Тең төрағаның бірі билік өкілі – аудан әкімі, Б. Мәнізоровтың өзі, енді бірі қоғамдық ұйымдардың өкілі – А. Қожахметов. Үшіншіден, бұл жолғы комиссияда (комиссия мүшелерінің қоғамдық бөлігі) орынбасарынан бастап, мүшелеріне дейін, ұлт мүддесі үшін аянбай күресіп жүрген, ұлттық санасы пісіп жетілген – Бағдат Әріпов, Азат Көкен, Үміт Босманова, Қания Бейсенбайқызы, Роза Нүсіпова сынды азаматтар бар. Төртіншіден, өзі тазаға бір әулиенің тап болары хақ екен! Мәнізоровтың көтерген бастамасына қарай, қала әкімі – Ахметжан Есімовтың жаны қазақ, өзі тәуекелшіл батыр болып келгеніне қарасаңшы! Ахаң «Дұрыс Бағдат. Лажы болса барлығында заңдастырып берейік» деп, Мәнізоровты қолдап отырған көрінеді. Ендеше, іске сәт екі Бағдат, бір Ахаң, халықтың қамын ойлаған, дейміз де.
Оставить комментарийКомментарии пользователейРедакция не несет ответственности за содержание комментариев читателей. Вся ответственность за содержание комментариев возлагается на комментаторов.
|
|
|
|